ҚАЗАҚ АКСР БАСПАСӨЗІ ЖӘНЕ ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТҰЛЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҚЫЗМЕТІ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2023.v108.i1.04Аннотация
Кеңестік мемлекеттілік орнағаннан кейін қазақ даласында түбегейлі бетбұрыстар орын алды. Жаңа реформалар жүргізілді. Қоғамдық-саяси өмір біршама тұрақтап, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жасауға алғашқы қадамдар жасалына бастады. Оған қазақтың барлық зиялы қауымы араласа бастады. Бұрынғы Алаш Орды қайраткерлері түгелдей дерлік кеңестік жүйеде жұмыс істеді. Солардың бірі Жүсіпбек Аймауытұлы болды. Өз кезегінде Жүсіпбек Аймауытұлы барлық алашордалықтар секілді жаңадан құрылған мемлекеттік жүйені мойындады да, елде бірқатар қоғамдық-саяси қызметтер атқарды, мемлекеттік маңызы бар істерді шешуге және елдің өркендеуіне өзіндік үлесін қосуға ұмтылды. Ол баспасөз немесе бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қазақ халқының тілек-талаптарын, мұрат-мақсаттарын жеткізуге талпынған болатын. Жастарға үлгі боларлық тұлғаларды дәріптеп, олардың қызметіне тарихи бағасын берді. Оның негізгі еңбектерінің арқауы ұлттың өткені мен тарихы, әдебиеті мен мәдениеті, этнографиясы мен дүниетанымы болған еді.
Мақалада Жүсіпбек Аймауытұлының кеңес өкіметі кезіндегі қызметі мен шығармашылығы, еңбек жолы жайлы жазылған. Архив құжаттары мен баспасөз басылымдарына жасалынған тарихи-деректанулық талдаулар оның мемлекет және қоғам қайраткері ретінде жастарды өз ұлтын сүйетін жанашыр азамат болуға үндеу тастап, әлеуметтік мәселелерге көп көңіл бөлгенін көрсетіп отыр.
Түйін сөздер. газет, редактор, халық ағарту комиссариаты, архив, коммунистік партия, оқу-ағарту.