Мыңтөбе қорымынан табылған зооморф тұтқалы керамика
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2022.v106.i3.024Аннотация
Еуразия құрлығында мекендеген тайпалардың дүниетанымы мен діни-ғұрыптық сенімдерінде жануарлардың маңызды орынға ие болғандығын археологиялық зерттеулер дәлелдеуде. Себебі, көшпелі және отырықшы тайпалардың ескерткіштерінен зооморфты тұтқалы керамикалар мен қазандар, зооморфты сапты қылыштар мен қанжарлар көптеп табылуда. Өкінішке орай зооморфты тұтқалардың қолданылу мақсаты, таралу аймағы, хоронологиясы және аймақтық ерекшеліктері аз зерттелген. Біз бұл мақалада, осы күнге дейін аз зерттелген зооморфты тұтқалы керамикаларды зерттей келе, зооморфты тұтқалы керамикалардың қолданылу мақсатына, таралу аймағына, хронологиясына және аймақтық ерекшеліктеріне тоқтала отырып, Еуразия құрлығында мекендеген қаңлы және сармат тайпаларының ескерткіштерінен табылған зооморфты тұтқаларға салыстырмалы анализ жасадық. Зерттеу нәтижелерінде салыстырмалы анализ жасаудың арқасында қаңлы және сармат тайпаларының зооморфты тұтқаларының өзіндік ерекшеліктерін, Мыңтөбе қорымындағы №3 обадан табылған зооморфты тұтқалы керамиканың хронологиясын анықтадық. Сонымен қатар, мақалада қаңлы тайпаларының Қауыншы, Отырар-Қаратау, Жетіасар мәдениеттерінің таралу аймағы, өзіндік ерекшелігі және зерттелу тарихы жайында мағлұматтар бере отырып, Қауыншы, ОтырарҚаратау және Жетіасар мәдениеттеріне тән ескерткіштерден табылған зооморф тұтқалы ыдыстардың ұқсастықтары мен өзіндік ерекшеліктерін анықтадық.