ҚАРАХАН ӘУЛЕТІНІҢ ШЫҒУ ТЕГІ ЖӘНЕ ҚАҒАНАТТЫ ҚҰРҒАН ТАЙПАЛАР
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2022.v106.i3.019Аннотация
Бұл мақалада Мауреннахр, Жетісу және Шығыс Түркістанның бір бөлігінде дүниеге келген Қарахан мемлекетінің негізін қалаған қарлұқ, оғыз, шігіл, яғма, тухси және тағы басқа да тайпалардың саяси тарихы мен географиялық орналасу мекендері ғылыми зерттеулер арқылы жан-жақты баяндалады. Әсіресе мақалада Қарахан әулетінің шығу тегі және олардың түріктің қай тайпасынан шыққаны жөніндегі мәселелер қарастырылып, оған бірнеше деректердің негізінде ғылыми талдаулар жүргізіледі және бұл әулеттің шығуы жөнінде қалыптасқан көптеген көзқарастарға бағалар беріледі. Соның ішінде ортағасырлық авторлардың еңбектеріндегі Орталық Тяньшан мен оның маңайындағы аймақтарында өткен тарихи оқиғалардағы қарлұқ, қырғыз және басқа да тайпалардың көмегі арқылы Шығыс Түрік қағанатын талқандауды аяқтап, өзінің жақын арадағы одақтастарын бағындырған ұйғырлардың немесе олардан жеңіліп оңтүстікке қарай ығысқан қарлұқтар сияқты тайпалардың рөліне тарихи-географиялық шолу жасалады. Мұнымен қатар мақалада шығыс авторларының қате мәліметтеріне сүйенген кейбір зерттеушілердің қарахандық билеушілердің ұйғыр, қарлұқ, тухси, түркеш немесе яғмалардан тарайды деген пікірлері шынайы тарихи дәлелдермен теріске шығарылып, қарахандық әулеттің негізін шігіл тайпалары қалаған деген тұжырым түрлі деректердің материалдары бойынша сарапталады.