1920-30 ЖЖ. БІЛІМ ЖҮЙЕСІНІҢ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2022.v106.i3.06Аннотация
Мақалада 1920-1930 жылдардағы білім беру тарихының деректері сипатталады. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік, ҚР Президенті, Алматы қаласы, Қызылорда, Түркістан облыстық және Ресей Федерациясы мемлекеттік, Орынбор облыстық архивтерінің ағарту ісі бойынша қорлары және құжаттары туралы айтылады. Қызылорда облыстық архивіндегі 4, 5, 127, 173, 194, 377-қорларына сипаттама беріледі. Алматы қаласы мемлекеттік архивіндегі 77-қордың маңызына баға беріледі. «Одақтық орталық атқару комитетінің 13-шақырылымындағы 3-сессиясына ҚазақАССР орталық кеңес комитетінің есебіне материалдар» атты шағын жинақтың республикадағы білім берудің дамуы жөніндегі мәліметтері келтіріледі. «Народное просвещение КазССР» атты құжаттар мен материалдар жинақтарының мазмұны ашылады. Түркістан Орталық Атқару Комитетінің және Халық комиссарлар кеңесінің хаттамалары, қаулылары, уездік және қалалық партия комитеттерінің шешімдері, халыққа білім беру бөлімдерінің бұйрықтары мен нұсқаулары және т.б. құжаттары енгізілген «Культурное строительство в Казахстане» тақырыбындағы жинақтың кеңестік білім беру жүйесін қалыптастыру тарихын зерделеудегі рөліне баға беріледі. 1920 жылдардағы ағарту ісін ұйымдастыру мен басқару негіздерін айқындаудағы Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің қор құжаттары бойынша дайындалған екі томдық жинақтың маңызы айқындалады. 1918-1930 жылдары шығарылып тұрған мерзімді басылымдар және олардың беттеріндегі мақалалар қарастырылады.