Үлкен Қақпақ қорымындағы көне түркілік ғұрыптық қоршаулар
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2022.v107.i4.017Аннотация
Мақала Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Үлкен Қақпақ қорымында зерттелген көне түркі кезеңіне тән ғұрыптық ескерткіштің мәліметтерін ғылыми айналымға енгізуге арналған. Зерттеу барысында археологияның кешенді барлау, қазба әдістері, ескерткіштің құрылымдық ерекшеліктеріне байланысты кеңінен қолданылатын салыстырмалы-типологиялық әдіс, сонымен қатар, табылған қыш ыдыстардың сынықтарына техникалық-технологиялық сараптама жүргізілді. Сараптама нәтижесінде қыш ыдыстардың сынықтарын үш топқа жіктеп, жасалу технологиясына аса мән берілді. Қыш ыдысқа жасалған сараптама бинокулярлық микроскопия әдістері негізінде жүргізіліп, қыш ыдысты жасаудың негізгі үш кезеңі арқылы жіктелді. Зерттелген ғұрыптық қоршаулар қорымда ретсіз орналасқан жерлеу орындарымен бірге тұтас кешен болып табылады. Ғұрыптық қоршауларды зерттеу барысында қыш ыдыс сынықтары ғана табылғанына қарамастан, қоршаулардың құрылымдық ерекшеліктерін негізге ала отырып және бұрын көршілес аймақтарда зерттелген қоршаулармен салыстыра қарастыру арқылы ерте ортағасырларға тән ескерткіш екенін нақты айта аламыз. № 1 ғұрыптық қоршаудың солтүстік қабырғасының сырт жағында орнатылған баған тастың жоғарғы бөлігінің арнайы өңделуі аса қызығушылық тудырады. Ғұрыптық қоршау осы өңірге ислам діні кірген уақытта көне түркі тайпалық одақтарының исламға дейінгі діни әдет-ғұрыптарын ұстанушылардың жасырын жағдайда жасаған ескерткіші болуы мүмкін.Үлкен Қақпақ қорымында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде Түркі қағанаттарының орталығы болған Жетісу өлкесінің ерте ортағасырлық ғұрыптық ескерткіштері жайында көптеген деректер алынды. Сонымен қатар, көне түркі кезеңінің ғұрыптық сенімдері мен дүниетанымына қатысты материалдар жинақталды. Авторлар ескерткішті VIII–IX ғғ. мерзімдейді.