Ұлт зиялыларының Қазақстандағы кеңестік билік жағдайында тәуелсіз автономия құру үшін жүргізген саяси күресі (1917–1920 ж.ж.)
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2022.v104.i1.11Аннотация
Аталған мақалада архив қорларында сақталған деректік құжаттарға, XX ғ. басында шығып тұрған мерзімді баспасөз материалдарынан алынған тарихи деректерге сүйене отырып Ұлт зиялыларының ұлттық автономия құру үшін жүргізген саяси күресі және олардың Кеңес өкіметімен жүргізген келіссөздеріне тарихи тұрғыда талдау жасай келе, нысандағы Қазақ АКСР – ның құрылуы және қазақ жері тұтастығының қалыптасу тарихы Алаш қозғалысының ұлттық – территориялық автономия құру жолындағы күресінің заңды жалғасы, тұтас бір тарихи процестің қорытындысы ретінде қарастырдық. Мәселенің методологиясы: Қазақстан тарихында Кеңестік Қазақ автономиясының құрылуының өзекті мәселелерін жаңа тұрғыдан зерттеуге бағытталған жаңа тарихи ойлаудың концепсиясын басшылыққа ала отырып теориялық методологиялық негізіне 20 – шы жылдардағы тарихи үдерістер мен қатар орын алған қарама – қайшылықтарға қарсы тұрған Алаш зиялыларының ұлт мәселесі жөніндегі ұстанымдарын алдық. Себебі, сол кезеңдегі «Кеңестік үлгідегі» құрылып жатқан қазақ елінің тарихында орын алған ұлттық саясат қазіргі таңдағы Қазақстан мемлекетінің сипатынан мүлдем өзгеше. Ұлт зиялыларының мақсаты: Қазақ халқының көзін ашып, саяси санасын оятып, біліммен қаруландырып барып, бүкіл халық болып Ресей әкімшілігінен Ұлттық автономияны кез – келген өркениетке тән заң жолымен талап ету арқылы Ресей құрамындағы ұлттық – территориялық автономияға қол жеткізу еді. Олардың Ақпан төңкерісінен кейін «Алаш» партиясын құруы, Қазан төңкерісінен кейін «Алашорда» ұлттық үкіметін құруы және бүкіл қазақ жерлерін бір автономия құрамына біріктіруі осы мақсатқа бағытталды. Түйін сөздер: Автономия, Қазақ АКСР-і, Ұлт, «Алаш», «Алашорда», большевик, Кеңес, Ресей, империя, саяси партия, Уақытша комитет, «Қазақ», «Айқап», «Ұлық Түркістан.