Қытайдағы моңгол билігі тұсындағы сауда қатынастарының кейбір мәселелері
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2021.v103.i4.11Аннотация
Мақалада біз Қытайдың сыртқы саудасының сипаты моңғолдық Юань династиясының тұсында өзгерістерге қаншалықты ұшырағанын анықтауға тырыстық. Біздің міндетіміз – Қытайдағы биліктің Оңтүстік Суннан Юаньға ауысуы кезіндегі сауда қатынастары сабақтастығының кейбір аспектілерін және Қытайдың еуразиялық моңғол империясына саяси интеграциясын түсіндіру болып табылады. Ол үшін, Оңтүстік Сун әулеті билік еткен кезеңмен салыстырғанда Юаньдық Қытай сауда операцияларының, импортының және экспортының сипатына жарық түсіретін түрлі деректердегі қытай саудасы туралы мәліметтерге салыстырмалы талдау жүргізуге тырыстық. Мақалада қарастырылған шығармалар XIII ғасырдағы сауда тарихы, тауар алмасу және аймақтың экономикалық даму тенденциялары туралы, Оңтүстік Сун әулетінің құлауынан Юань әулетінің негізін қалаушы Құбылайдың билікке келуіне дейінгі кезеңнің құнды дереккөздері болып табылады. Шығармаларды салыстырмалы талдау бірқатар құбылыстар мен процестердің сипаттамаларында ұқсастықтарды анықтауға мүмкіндік берді, ал бұл ортағасырлық авторлардың хабарламаларының дәлдігін растайды. Нәтижесінде, Юань әулетінің билікке келуі аймақтағы сауда жағдайына оң әсер етті, саудагерлердің жағдайы алдыңғы кезеңмен салыстырғанда нығайды, сыртқы байланыстар сақталып, кеңейе түсті, баж салықтарын жинаудың дамыған жүйесі бюрократиялық аппаратты ұйымдастырудың жоғары деңгейін көрсетті, импортталатын және экспортталатын тауарлардың ассортименті айтарлықтай толықтырылды деген қорытындыларға келдік.
Түйін сөздер: сауда, юань империясы, моңғол империясы, сыртқы сауда, баға эволюциясы