Тостаған қорымындағы қазба жұмыстарының нәтижесі
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2021.v103.i4.19Аннотация
Шартты түрде «Тостаған қорымы» деп аталған жерлеу орны Отырар ауданына қарасты
Шытты елді мекенінен оңтүстікке қарай 9 шақырым жерде орналасқан. Бұл қорымды алғаш рет
2010-шы жылдары С.Ш.Ақылбек және К.М.Байпақов барлау жұмыстарын жүргізу барысында
анықтаған. Қорым 122 топырақтан үйілген оба орналасқан. Бұл обалар оңтүстік шығыс, солтүстік
батыс бағыты бойынша жүйесіз жатыр. Обалардың көпшілігі шеңбер пішінді. Үйіндісі жан жаққа
жайылғандарының пішіні сопақша болып келген. Жалпы қорымдағы обалардың диаметрі 10-25
м ал, биіктігі 0,30-0,70 м шамасында. Өкінішке қарай, осы кезге дейін аталмыш жерде ешқандай
археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілмегендіктен обалардың мерзімі, өлгендердің
қалай жерленгендігі, о дүниелік тарту таралғылары, обалардың құрылымдық ерекшелігі мен
жерлеулердің кімдерге тиесілі екендігі белгісіз болып келді. Осындай құндылықтарға толы
«сыр сандықты» ашу мақсатында 2020 жылы аталмыш қорымдағы бір обада қазба жұмыстары
жүргізілді. Нәтижесінде обадан өртеп жерлеу ғұрпы анықталды. Мұндай ғұрып Отырар өңірінде
алғаш рет тіркеліп отыр. Бұл деректер Сырдария жағасындағы басқа да археологиялық зерттеу
жұмыстарымен салыстырылып алдын ала түркілерге тиесілі деп қорытындыланды.
Түйін сөздер: Түркілер, қорым, оба, жерлеу дәстүрі, Отырар, Шәуілдір, Сырдария, Арыс
өзені, өртеп жерлеу.