Қазақстан тарихындағы ислам: Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ішінде проблемаға жаңаша көзқарас және зерттелу нәтижелері (1991-2021)
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2021.v102.i3.01Аннотация
Қазақстан тарихнамасында исламның таралуы және оның қазақ халқының тарихындағы маңызы сынды ғылыми проблемасы айтарлықтай орын алады. Кеңес дәуірінде, нақтырақ айтқанда, ХХ ғ. 20-жылдарынан бастап 1991 жылға дейін атеизмнің үстемдігі мен антиисламдық синдромның ықпалы нәтижесінде зерттеушілер ислам факторының қазақ халқының тарихы мен мәдениетіндегі орнын жан-жақты әрі шынайы зерттеуге мүмкіндігі болмады. Қожа Ахмет Ясауидің есіміне тыйым салынып, сопылық ілімі мистицизмнің (кеңес ғылымында бұл сөз теріс мағынаға ие болды) реакциялық құбылысы ретінде қарастырылуының өзі жеткілікті. Сонымен қатар, академиялық еңбектерде ислам жоғары әлеуметтік топтағылардың діні болса, қарапайым халық шаманизмді ұстанды деп түсіндірілді. Жалпылай айтқанда, түркілердің исламдану мәселесі және қазақ халқы үшін мұсылманшылықтың маңызын қарастыру тыйымдар мен идеологиялық тұрғыда бұрмалаушылықтарға ұшырады. Тәуелсіздік жылдарындағы тарихнамалық шолу бойынша түйінді мәселелер, кеңестік тұжырымдамалардың, әсіресе «синкретизм» және «үстірт ислам» туралы пікірлердің кереғарлығы мен шектеулілігі анықталып, Тәуелсіздік жағдайындағы зерттеулердің жолдары мен халықаралық ынтымақтастықтың жандануы көрсетілген. Аймақтық ислам тұжырымдамасы, діни бірегейлікті анықтау үшін этностың өзін-өзі сәйкестендіру мәселесінің маңыздылығымен бірге исламдану мәселесінің теориялық және фактологиялық аспектілерін зерттеуге бағытталған қазіргі тенденциялар мен зерттеушілерге назар аударылады. Маңызды зерттеулер мен олардың жаңалығы, ғылыми пікірлердің алуандылығы және түркілер мен Қазақстан тарихындағы исламның рөлі мен орнын зерттеудің келешегіне қатысты жалпы сипаттамалар берілген. Сондай-ақ, орта ғасырлар кезіндегі Қазақстан территориясының исламдану тарихына қатысты авторлық тұжырымдаманың мәні ашылады. Түйін сөздер: исламға қарсылық синдромы, синкретизм, аймақтық ислам, діни бірегейлік, өркениеттік тұрғы, халықаралық байланыстар, рухани фактор, іргелі еңбектер.