Түркиядағы модернизация үдерісінің діни аспектісі
Аннотация
ХХІ ғасырдың басында Түркия кезіндегі Осман империясынан принципті түрде мүлде бөлек мемлекетке айналды. Республикалық биліктің 90 жылдан аса тарихында бұл елде модернизация бағытында көп жұмыстар атқарылуда. Батыс елдеріндегідей институттар мен технологиялар енгізіліп қана қоймай, азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет, көптеген өнеркәсіп салаларын, қарқынды дамып отырған қызмет ету салаларын қамтыған нарықтық экономика қалыптастырылды. Түркияның ішкі саясаты, бұл елдегі модернизация үдерісі Орталық Азияның түркітілдес елдеріне айтарлықтай ықпал етіп отырғаны баршамызға аян. Осы айтылған мәселелердің барлығы тақырыпты зерттеудің өзектілігін анықтайды. Мақаланың мақсаты Түркияның саяси жүйесі мен экономикасындағы модернизациялық үдерістерді зерттеу және оған баға беруге тырысу. Кезінде артта қалған, «Еуропаның науқас адамы» атағына ие болған, парақорлық пен кертартпалықтың символы болған ел, аяқ астынан исламдық Шығыстың символына қалайша айналды, бар болғаны бірнеше онжылдықтар ішінде Түркия, экономикасы ең бір дамыған жетекші жиырма елдің қатарына қалай қосылды және қазіргі таңда ең дамыған ондықтың қатарына қосылуды жоспарлап отыр? Осы сұрақтарға жауап табуға тырысу мақаланың міндеті болып табылады. Тақырыпты зерттеу нәтижесінде Түркиядағы модернизация үдерісінің ерекшеліктері, ондағы дін мен зайырлылықтың арақатынастары мәселесі айқындалды.