Ерте сақ кезеңінің ат әбзелдерінің типологиясы
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2021.v100.i1.014Аннотация
«Скиф үштігі» санатындағы негізгі компоненттерінің бірі болып саналып, салт аттылық мәдениеттің бастауында тұрған ат әбзелдер кешені соңғы жылдардағы зерттеулер нәтижесінде көптеген заттай деректермен толықтырылып отыр. Ат әбзелдер бөліктері салыстырмалы түрде ең көп табылған заттар қатарына жатады, өйткені жылқымен мәйітті жерлеу ғұрпы Қазақстан территориясындағы сақ-скиф кезеңінің көшпелілерінің жерлеу ескерткіштерінің өзіне тән белгісі болып табылады. Ат әбзелдері ерте сақ заманындағы ескерткіштердің хронологиясын анықтауда негізгі индикаторлары санатында алатын орны ерекше. Осы орайда ерте темір дәуірі кезеңінің жылқы әбзелдерінің өзіндік даму эволюциясы мен жеке және құрамдас бөліктерінің трансформациялану үдерісін ғылыми танымның типологиялық әдісі арқылы айғақтайтын зерттеудің уақыты жетті. Аталмыш зерттеудің нысаны деп қарастырып отырғанымыз өзіндік даму тарихы қола дәуірінен бастау алып, ерте темір дәуірінде қолайлы байланыс әдістерін іздестірген, ат әбзелінің негізгі бөлігі болып табылатын жүген кешені мен оны құраушы бөлшектерінің байланыс түрлері болып табылады. Барысында ауыздық пен сулықтың байланысу түрлерінің типологиясы жасалды. Ерте сақ кезеңінің жүгенінің реконструкциясы жасалып, ертұрманы мен оны құраушы бөліктері жайында баяндалады. Түйін сөздер: Қазақстан, ерте сақ кезеңі, ат әбзел, ауыздық, сулық, ер-тұрман, кешен, түр, типология, реконструкция.