ЕРТІС ӨҢІРІ – ЖОШЫ ХАН ОРДАСЫН ТІККЕН ЖЕР
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH2025118312Кілттік сөздер:
Жошы; Ертіс жағалауы; Орда; Шығыс Қазақстан; Абай облысыАннотация
Мақала Жошы Ұлысының тарихының ерте кезеңіне арналған. Жұмыста қазіргі Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысының аумағы, әсіресе Ертіс бойындағы жайлаулар Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның басты ордасы орналасқан жер екені тарихи фактілермен негізделеді. Ертіс өлкесі XIII ғасырда Жошы Ұлысының негізгі аумағын құраған, бастапқыда мұнда Жошының өз ордасы орналасса, кейін бұл жерлер Ұлыстың орталығына айналды. Жұмыста тарихи зерттеудің дәстүрлі, диахрондық, тарихи-жүйелік және т.б., әдістері қолданылды. Зерттеудің хронологиясы XIII ғасырда болған оқиғаларды қамтиды. Жұмыс барысында ортағасырлық жазба дереккөздердің мағлұматтары және ортағасыр тарихы мен археологиясы бойынша ғылыми басылымдардың мәліметтері пайдаланылды. Қазіргі Шығыс Қазақстан мен Абай облысының тарихына қатысы бар мәліметтер кездесетін Жошы Ұлысының тарихы бойынша негізгі мұсылман және еуропалық дереккөздер анықталды. Жошы ханның өзі мен Орда және оның мұрагерлері Қоңқыран мен Құнышы билеген Жошы ұлысындағы оқиғалар баяндалатын Рашид әд-Дин, Иоанн де Плано Карпини, К. де Бридра қалдырған мағлұматтар қарастырылды. Мақалада Жошы әулеті Юань империясымен Шығыс Қазақстан, Алакөл алқабы мен Жоңғар қақпасы арқылы қарым-қатынас жасады, ал Ертіс, Есіл, Тобыл өзендері Қазақстанның солтүстік және шығыс даласын Сібірмен жалғастырды дейтін пікір айтылады. Қазақстанның шығыс бөлігінің тарихы – Қазақстанның ортағасырдағы саяси-әлеуметтік, экономикалық және мәдени тарихының ажырамас бөлігі. Жұмыста алғаш рет Шығыс Қазақстан мен Абай облысының тарихы Жошы Ұлысы тарихы контексінде қарастырылып, Шығыс Қазақстан тарихы ортағасырлық Қазақстанның қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени тарихының құрамдас бөлігі екені көрсетіледі.
