Патша өкіметінің Түркістан өлкесіндегі қоныстандыру саясатының салдары (XIX–XX ғғ.)

Авторлар

DOI:

https://doi.org/10.26577/JH.2023.v111.i4.03

Аннотация

Мақалада Патша өкіметінің Түркістан өлкесіндегі  қоныстандыру саясатының  салдары  негізінен Ресей Федерациясы Орталық Мемлекеттік архиві, Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архиві, Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архивтерінде  жинақталған қор құжаттары бойынша қарастырылады.

Патшалық Ресейдің отарлық-саяси өктемдігінің күшеюі және ХІХ ғасырдың 60-90 жж. әкімшілік реформалар,  Қазақстанның саяси-құқықтық статусының өзгеруі, Түркістан өлкесін отарлаудың ерекшеліктері мен әдістеріне зерттеу жүргізілді.

Қазақстанда отаршыл-құқықтық жүйенің орнығуы және өзгерістерінің салдары жан-жақты талдап, ХІХ ғасырда Ресей империясы әкімшілік-саяси реформалар арқылы Қазақстанда басқарудың дәстүрлі жүйесін жойып, генерал-губернаторлықтарға, округтерге  бөлшектеп,  қазақтың саяси элитасы сұлтандар мен билер биліктен біржолата шеттетілгендігі айқындалды. Қоныс аудару саясатының нәтижесінде Қазақстан халқының этникалық құрамы күрделі өзгеріске ұшырап, ғасырлар бойына қалыптасқан халықтың руға тиесілігі, этникалық бірлігі, тұтастығы бұзылғандығы зерделенді. Патша үкіметінің Түркістандағы қоныстандыру саясаты тарихын кешенді зерттеу арқылы ғана оның орнын, маңызын толыққанды анықтауға болады. Патшалықтың қоныс аудару саясатының нәтижесінде негізгі құнарлы жерлер орыс шаруаларына берілді, ал қазақтар шөлді шөлейт, жарамсыз жерлерге қуылып, Қазақстанның демографиялық келбеті өзгерді. Қоныс аударушылар негізінен стратегиялық нүктелерге қоныстанып, әскери қарулармен қарулана бастады.

Қазақ халқының территориялық біртұтастығы бұзылды, хандық билік жойылды.  Ресейдегі басыбайлық құқықтан азат етілген орыс шаруаларының жер мәселесін шешу үшін отаршыл  империя қазақтардың шұрайлы жерлеріне қоныстандыруды мемлекеттік деңгейде қолға алды. Сөйтіп қазақ халқын бағыныштылықта ұстаудың механизмі экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени салада жан-жақты жүргізілді. Осы мақалада талданған архив құжаттары негізінде жалпы алғанда Түркістан генерал-губернаторлығында, мысалы, Ақмола, Торғай сияқты далалық облыстардағыдай, келімсек орыс шаруларының орын тебуі, шаруашылық жағынан қамтамасыз етілу дәрежесі әртүрлі болғандығын көрсетеді. Шаруалардың бір бөлігінің, кейбір уездер бойынша 50% артығының еліне қайтып оралуы жалпы Сырдария өлкесі бойынша жергілікті қазақтардың жерсізденуін әлсіретпеді. Көшпенділерді ғасырлар бойы қоныстанған жер мұрасынан ығыстыру, әрине, әртүрлі уездерде әрқилы болғанмен отарлау процесі әлеуметтік шиеленісті мейлінше шиеленістірді.

Түйін сөздер: Қоныстандыру, отарлау, аграрлық реформа, миграция, демография

Жүктелулер

Жарияланды

2023-11-30

Шығарылым

Бөлім

Раздел 1 История отечества